• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Тамыз, 2019

Солтүстік Қазақстанда өнімді экспорттаудың түйткілді   мәселелері талқыланды

199 рет
көрсетілді

Экспорттаушыларға қаржылай және сервистік көмек көрсететін институт өкілдері теріскейлік кәсіпкерлермен жүздесті.

Жиында тауарды сыртқы нарыққа жөнелтудің тиімді және олқы тұстары кеңінен әңгімеленді. Алдағы 5 жылда Қазақстан ауыл шаруашылығы тауарларының экспортын 2,5 есеге арттыру міндеті тұр. Аграрлық аймақ  саналатын Солтүстік Қазақстанға да бұл тапсырманың  тікелей қатысы бар.  Тек агроөнеркәсіптік кешенге ғана басымдық беру тығырықтан шығудың ұтымды жолы емес. Өндірістің барық саласы бойынша бәсекелестікке ұмтылу басты мақсат. Қазақстанның сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов осылай дей келіп, кәсіпкерлерді әлеуетті әріптестер іздестіруге шақырды. Біз  түрлі халықаралық көрмелерге қатысуға қаржылай және ұйымдастырушылық көмек көрсетеміз, деді.

 Сыртқы сауда платасынан өзге де қолдау институттары жетерлік көрінеді. Мәселен, Қазақстанның даму банкі отандық тауарларды шетелде танытқысы келетіндерге төмен пайызбен несие береді. KazakhExport өз кезегінде түрлі сақтандыру қызметтерін көрсетеді. Теріскейлік кәсіпкерлер қауымын Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы көрсететін қолдау  да  қызықтырды.

 «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ қолдау құралдары орталығының директоры Диас Серіковтың айтуынша, кәсіпкерлер жұмсаған қаржының 30-дан 60 процентіне дейін қайтарылып беріледі. Яғни, тауарды шетелде жарнамалауға, қоймалар мен басқа да орындарды жалға алуға және өнімді тасымалдауға бағытталған қаражаттың бір бөлігі экспорттаушыларға қайтарылады. Биыл бұл мақсат үшін  10,4 миллиард теңге қарастырылған. Кәсіпкерлерге бұл қаражат тауар шетелге жөнелтілгеннен кейін 1 жыл ішінде қайтарылады. Бұл– әзірге экспорттық әлеуеті жоғары отандық өндірушілерге арналған шаралар.

Қолдаудың мұндай түрін пайдалануға 8 солтүстікқазақстандық компания ниет білдіріпті . Араларында елімізге танымал “Сұлтан” макарон фабрикасы бар. Сондай-ақ,  “Маслодел” компаниясы да мемлекеттік көмектің шарапатын көруге ынталы. Ал Тимирязев ұн үгу комбинатындағы жағдай мүлдем  керісінше. Бүгінге дейін ұнды Ауғанстанға жөнелтіп келген кәсіпорынның жұмысы қазір тоқтап тұр. Ал қызметкерлері ақысыз демалысқа жіберілген. Бұған не себеп? “Тимирязев ұн үгу комбинаты” ЖШС-нің   қаржылық директоры Күнсұлу  Қабдөшеваның түсіндіруіне қарағанда, Қазақстанның ұн экспортындағы бәсекелестері– Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан. Қазір бұл елдерде  ұн үгу саласы қарқынды дамып келеді. Билік қолдауы да жан-жақты. Біздің елден бидайды үлкен көлемде сатып алады да өздерінде үгіп, ұнға айналдырады.

Осылайша ішкі сұранысты толық  қанағаттандырып отыр. Сондай-ақ, өнімді арзан бағамен шетелге де жөнелтеді. Осыдан Қазақстанның  ұнына  деген сұраныс күрт кеміп кеткен. Оның салдарынан облыстағы ең ірі комбинатттардың бірі жабылудың алдында тұр. Бұл – проблеманың бір жағы ғана. Өнімді Ауғанстанға Өзбекстан арқылы жеткізудегі қымбатшылық та комбинаттың қаржылық жағдайына кері әсер еткен. Кәсіпорынның қаржылық директоры ұн үгуші комбинаттарға субсидия бөлінсе деген ұсынысты бұған дейін бірнеше мәрте білдіріпті. Отандық сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов мәселені бақылауға алуға уәде берді.

 Былтыр 2 миллион тонна қазақстандық ұн экспортталып,  1,5 миллион тоннадайы  ең ірі әріптесіміз  Ауғанстанға жіберілген. Өнімді бұл мемлекетке жөнелтуде вагондар жетіспейді. Қосылған құн салығын қайтару бойынша да проблемалар жетіп артылады. Тасымалдауды 1,5-2 есеге дейін арзандататын жаңа маршруттар ашу белгіленіпті.

 Бүгінде Қазақстан өз өнімдерін әлемнің 100-ден астам еліне жөнелтеді. Өңдеуші өнеркәсіптегі отандық тауарлардың мыңнан астам түрі  экспортталады. Ал жоғарыда аталған жеңілдіктерді бизнесмендер ұтымды пайдалана білсе, сыртқы нарықтағы әуелетіміздің арта түсері күмәнсіз.

Солтүстік Қазақстан облысы